Мәдениет • Кеше

 «Туған жерге қызмет – тағдырлы таңдау»

20 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жетісу – тарихы терең, мәдениеті тамырлы өңір. Осы рухани кеңістіктің тыныс-тіршілігі һәм мәдени сабақтастығы қоғам назарынан тыс қалған емес. Осы орайда  Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменовпен әңгімелескен едік.

 «Туған жерге қызмет – тағдырлы таңдау»

– Қуаныш Сұлтанұлы, халқымыздың «елге қызмет – ерге міндет» деген тағылымды сөзі бар. Әңгімеміздің әлиқисасын осы оймен ұштастырсақ. Менің білуімше, сіз «туған жерге тамыр жайған еңбек ғана баянды» деп келген азаматтың бірісіз...

– Иә, туған топырақтың қасиеті бөлек. Біз жусан иісі аңқыған, жалбыз дәмі таңдайда қалған өңірде өстік. Табиғаттың өзі тәрбиелеген десем артық емес. Үш жасымнан домбыраға құмарттым, үшінші сыныптан бастап үлкен сахнаға шықтым. Ел еңсесі енді ғана көтеріліп келе жатқан, жаңа ғасыр табалдырығын аттаған ауыр кезеңді көзбен көрдік. Облыс мәртебесінен айырылған тұста Талдықорғанда жастығымыз өтті, жоғары білім алдық.

Музыкалық факультетте оқи жүріп, өңірдегі мәдени, қоғамдық шаралардың бел ортасында болдық. Сол жылдары театрдың жабылып қалмауына Сағындық Айтмұхаметұлы бастаған Алмахан, Кендебай, Әлихан сынды аға-апаларымыз аянбай еңбек етті. Ал М.Төлебаев атындағы оркестрдің тағдыры таразыға түскен шақта Әли Алпысбаев ағамыз өз қаражатынан қолдап, үлкен ұжымды қиындықтан алып шықты. Мұның бәрі – көзбен көріп, көңілге түйген тағылым.

Сол себепті болар, 1999-2013 жылдар аралығында туған жерден табан аудармай еңбек еттім. Кейінгі он жыл Астана төрінде өтті. Онда да өз жоспарымызды жүзеге асырдық. Қайда жүрсек те, туған өңір жүректен бір сәт кеткен емес. Досымжан Таңатаров, Тұрсынбек Қабатов секілді өнердегі замандастарымның туған жерге жасаған қызметін көріп, мен де ұлттық арна арқылы Жетісу өнерпаздарының үнін естіртуге барымды салдым.

Кейін ой толысып, «неге өз өңірімнің мәдени өміріне тікелей үлес қоспаймын?» деген сұрақ санада пісіп-жетілді. Дәл сол тұста Жетісу облысы құрылды. Ал облыс басшысы Бейбіт Өксікбайұлының «Еліңе келіп қызмет жаса» деген бір ауыз сөзі шешуші әсер етті. Осылайша мемлекеттік тестілеуден өтіп, туған жерге қызмет етуге кірістік.

Елге қызмет ету – үлкен жауапкершілік. Нағыз мінездің бәйгеге түсетін сәті. Кейде ішкі ұстанымдар да сынға түсіп жатады...

Алаш арысы Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген сөзі көкіректе тұр. Бұл – өмірлік ұстанымым. Жалғыз мақсатым – ұлтқа адал қызмет ету. Алаш рухын бойына сіңірген Асанәлі Әшімов, Алтынбек Қоразбаев, Жүрсін Ерман, мені кенже ұлындай көрген Мырзатай Жолдасбеков сынды алыптардың жанында жүріп, елге қызмет етудің биік үлгісін көрдік. Әлиханның сөзі – сол жолдағы темірқазық. Әрбір азамат осы сөзді жүрегіне түйсе екен деймін. Басқарма басшысы ретінде алдыма қойылған басты міндет те – мінезбен қызмет ету. Атқарылып жатқан істің бәрі халықтың көз алдында. Сондықтан бұл – үлкен жауапкершілік.

Онда ары қарай өңір мәдениетінің өзегі саналатын нысандардың жағдайына тоқталсақ. Бүгінде Жетісудағы мәдениет ошақтарының ахуалы қандай?

– Облыс құрылғаннан бері 29 Мәдениет үйі жаңадан салынды. Қазір 6 нысанда құрылыс жүріп жатыр. Келер жылы 36 мәдениет ошағы жөндеуден өтіп, ел игілігіне беріледі. Жалпы облыс бойынша 138 Мәдениет үйі бар. Соның 40-қа жуығы толық жабдықталып, сахналық киімнен бастап, музыкалық аспап, LED экран, заманауи техникамен қамтылған. Әрине, бәрі мінсіз деп айта алмаймыз. Мәселесі бар нысандар да жеткілікті. 2026–2029 жылдарға арналған мораторийге байланысты жаңа құрылыс уақытша тоқтағанымен, ағымдағы жөндеу жұмыстары жалғасады. Бұл ретте облыс әкімдігінің қолдауы зор.

Айта кетерлігі, кітапхана мен Мәдениет үйі егіз ұғым. Сондықтан көптеген кітапхана мәдениет ошақтарымен бірге жаңарып келеді. Ал музейлердің жұмысы толық жолға қойылды. Бұған дейін тоқтап қалған М.Тынышбаев атындағы музейді қайта жаңғыртып, заманауи кейіпке келтіруді жоспарлап отырмыз.

Архив пен құжаттама саласы көпшілікке беймәлім. Осы бағыттағы жұмыстарты да тілге тиек етсеңіз?

 Бұл өте маңызды сұрақ. Архив – халықтың жады. Әр азаматтың өмір жолы, еңбегі, тарихы сонда сақталады. Көбіне зейнет жасындағы азаматтар еңбек өтілін дәлелдеу үшін келеді. Архившілер сол сәтте үлкен көмек көрсетеді.

Бұл – өте ауыр әрі жауапты еңбек. Арнайы температура, таза ауа талап етіледі. Осыны ескере отырып, біз екі план-сканер сатып алдық. Архив қызметкерлері күніне мыңға жуық құжатты цифрландырып отыр. Ал құпия құжаттар ҰҚК-мен бірлесе сақталып, толық қорғалады.

– Бүгінде түйіні шешілмей келе жатқан Бақтыбай ауылының Мәдениет үйі бар. Қанша жылдан бері нысанның жұмысы тоқтап тұр. Осы жайында айта өтсеңіз?

– Иә, өңірде екі нысан жосықсыз мердігерлердің кесірінен тоқтап қалған еді. Сот арқылы мәселені шештік. Қоғалы ауылындағы Мәдениет үйі бүгінде елге қызмет етіп тұр. Ал Бақтыбайдағы өнер ошағы 2026 жылдың бірінші жартысында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр

– Атқарылған істерге қарап, марқайып айтатын тұстар көп секілді…

– Әрине. Соның ең бастысы – облыс әкімінің ел ішіне өзі барып, мәселелерді көзбен көріп шешуі. Бұрын ешбір басшы бармаған ауылдарға жол салынып, спорт, медицина, мәдениет нысандары бой көтерді. Бір Қаратал ауданында ғана соңғы жылдары 6 Мәдениет үйі ашылды. Былтыр 128 млн теңгеге барлық ауылдың сахналық киімі тігілді. 300 млн теңгеден астам қаржыға 114 ескерткіш жөнделді. Айтыс қайта жанданды. «Жер жаннаты – Жетісу» байқауы арқылы жаңа ақындар шықты. Бүгінде ауыл өнерпаздарын республикалық сахнаға шығаруға толық мүмкіндік бар.

– Әңгімемізді рухани тақырыппен түйіндесек. Кітаппен қарым-қатынасыңыз қалай? Сіздер жүзеге асырған «Мизам» мектебінің жұмысы ел ішінде үлкен жаңалық болды...

– Кітап – менің өмірлік серігім. Балалық шақта көрпенің астында фонарьмен кітап оқыған қазақпын. Қазір жеке кітапханамда 3 мыңға жуық кітап бар. Балаларым да кітапқа жақын. Қазір қала баласы ғана емес, ауыл балалары да кітап оқысын деген мақсатпен «Мизам» жылжымалы әдебиет мектебін құрдық. Ауыл-ауылдарды аралап, жастарға кітап оқу мәдениетін сіңіріп жатырмыз. Оның рас, бұл басқа өңірде жоқ ауқымды жоба. Бүгінде жүздеген ауыл баласын кітап оқуға тәрбиеледік. Бұйырса, биыл да өз биігімізден түспейміз. Біз Мемлекет басшысының «Кітап оқитын ұлт» қағидасын қалыптастырғымыз келеді. Оны бастап та кеттік!

– Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар